kk ru
kk ru
Responsive image
Қызылорда облысында жаңа аудан орталығы құрылады
Жаңалықтар / Аймақта 13 мамыр 2019 ж.
inform.kz

Қызылорда облысында жаңа аудан орталығы құрылады

Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы алдағы уақытта біріктіріледі, деп хабарлайды inform.kz 

Қазіргі таңда аудан орталығы - Әйтеке би кентінде  екі қабатты 12 тұрғын үй құрылысы, 250 орындық аудандық аурухана, 600 орындық мәдениет үйі мен басқа да әлеуметтік нысандар салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, бұл аумақта алдағы уақытта 24 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, автомобиль жолы қайта жаңартылады. Сондай-ақ, Әйтеке би кентінде Мекемелер үйінің құрылысы қолға алынған. Аталмыш жобаны іске асыру бір ғимаратта әкімдік пен аудандық бөлімдерді шоғырландыруға мүмкіндік береді.

«Қазір аудандық әкімдік пен бөлімдер бөлек ғимараттарда орналасқан. Бұл тұрғындар үшін өте қолайсыз.   Оның үстіне, қазіргі аудан әкімдігі ғимаратының іргетасы 1963 жылы қаланған. Елу жылдан астам уақыт болған нысан бүгінде ескірген. Қазалы ауданының жаңа орталығының жоспарына сәйкес, мекемелер үйі, халыққа қызмет көрсету орталығы, мектептер мен ауруханалар, сот пен мәдениет үйлерінің ғимараттары халыққа ыңғайлы болу үшін бір-біріне жақын орналастырылады. Ауданда соңғы 2 жылда инфрақұрылымдық және басқа да нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Себебі Қазалы ауданы инфрақұрылыммен аз қамтылған аудандардың бірі болып табылады», - деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков.

Сондай-ақ, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы тұрғындарға ыңғайлы болу үшін екі елдімекенді бір орталыққа шоғырландырып, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аудан орталығына орналастыру қажеттігін атап өтті.

«Осыған байланысты заманауи талаптарға сай келетін «Open Space" форматындағы заманауи ғимарат құрылысы жоспарлануда», - деді М.Әлсеріков.

Ауданда жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына басымдық берілген. Себебі бұл - Қазалы ауданындағы ең өзекті мәселелердің бірі саналады. 2019 жылы Қазалы ауданында жол салу және жөндеу жұмыстары бойынша 16 жоба жоспарлануда.

Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметі бойынша, 2013-2018 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Айта кету керек, жан басына шаққанда әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар бойынша аймақ соңғы 6 жылда республикада алдыңғы қатарда тұр.