kk ru
kk ru
Responsive image
Қазалыда кәсіпкер әйелдердің бизнес-форумы өтті
Жаңалықтар / Аймақта 13 наурыз 2019 ж.
inform.kz

Қазалыда кәсіпкер әйелдердің бизнес-форумы өтті

Форумның негізгі мақсаты - аудандағы нәзік жандылардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру, олардың бизнеске араласуына қолдау көрсету және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, деп хабарлайды inform.kz

Шараға 40-қа жуық кәсіпкер қыз-келіншектер, Арал, Қармақшы аудандарынан арнайы өкілдер қатысты. Сондай-ақ, форум аясында іскер ханымдардың жасаған бұйымдарынан көрмеге ұйымдастырылды. Жиынған Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, форумға қатысушыларды 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Әйелдер қай салада қызмет етпесін, сол саланы дамытып, нығайтуға ерекше үлес қосып, көпшілік құрметіне бөленіп келеді. Экономиканы қалыптастырудың өтпелі кезеңдерінде ауданымызда кәсіпкерліктің өрістеуіне әйел азаматшалардың негіз қалағандықтарын атап өткім келеді», - деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Сондай-ақ, форумда Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының бизнесті дамыту мен қолдау бөлімінің басшысы Мәуе Оңдалықызы, «Жобаларға сараптама жүргізу орталығы» ЖШС-нің директоры Ләззат Жармағамбетқызы, «Консалтингтік компания ПРЭКО Кызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мадина Ерғалиқызы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының бас маманы Индира Кеңшілікқызы, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ» ЖШС-нің бөлім басшысы Мұрат Бахытұлы баяндама жасады.

Шара барысында бірқатар іскер әйелдер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты жиын соңында ер-азаматтар қауымы аналарымызға гүл сыйлап, мерекелік көңіл күйге бөледі.

Айта кетейік, Қазалы ауданында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы 12 жоба жүзеге асырылса, оның ішінде 4 кәсіпкер әйел 100 млн теңгеге жуық несие алып, өз кәсіптерін іске асыруда.

Бұдан бөлек, гранттық қаржыландыру аясында 15,0 млн теңгені құрайтын қайтарымсыз грантқа ие болған 19 кәсіпкердің 11-і нәзік жандылар. «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқу курсынан өткен  қатысушылардың 40,0 пайызын (220/87) әйел азаматшалар құрап отыр.